20:37
БІЛІМ БЕРУ МАЗМҰНЫН ЖАҢАРТУ: БОЛАШАҚҚА БАҒДАРЛАНУ

БІЛІМ БЕРУ МАЗМҰНЫН ЖАҢАРТУ:
БОЛАШАҚҚА БАҒДАРЛАНУ

Бүгінгі күн мемлекетіміздің өркениетке жету жолындағы өр талабына тұғыр боларлықтай ұрпақ оқыту, тәрбиелеу ісін жаңа сапалық өзгерістер деңгейіне көтеруді талап етіп отыр. Осы тұрғыда ақпанның 16 күні «С.Сейфуллин атындағы гимназия» КММ-де «Шығармашылық күн» болып өтті. Шығармашылық күннің «Үштілділік – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтың бірі», «Білім алу – батылдық, оны толықтыру – даналық, ал шебер қолдана білу – өнер» және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» тәжірибесін тарату аясында мұғалімдердің кәсіби шеберлігін үздіксіз арттыру үдерісін ұйымдастыру бөлімдерінде гимназия ұстаздары ашық сабақтар, тренингтер, әдеби кештер, кітапханалық квест, сыныптан тыс іс-шаралар, шеберлік сыныптар және ток шоу ұйымдастырды. Оның ішінде гимназия түлектері үшін болашақта мамандық таңдауда алғашқы қадамдарына нұсқау болған қала басшылары мен білім бөлімінің басшысы, білім саласында өз үлестерін қосқан мектеп директорларымен «Табысқа жетудің құпиясы» атты ток шоу сәтті болды. Жастарға мамандық таңдауда жол сілтеп, мұғалім мамандығының мәртебесін көтеру мақсатын алға қойған ток шоуда қалалық білім бөлімінің басшысы Ақышбеков Берік Базылұлы, қалалық білім бөлімінің әдістеме кабинетінің меңгерушісі И.М.Беткер, №15 ЖОББ мектебінің директоры А.Т.Тлемисова, №19 ЖОББ мектеп директоры А.С.Аманова, №16 ЖОББ мектеп директоры Қ.Қ. Смайлов қатысып, мамандықтың қызығы мен қиындықтарын, жетістікке жетудің қыр-сырын әңгімелеп берді. Ток шоудың қала тұрғындарынан алдын ала алынған сұқбатының нәтижесінде мұғалім мен дәрігер мамандығының болашақта қажет екендігі айтылды. Абай атамыз айтқандай «болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды сүйсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» дегендей алға ұмтылып арманға жетіп, мамандық таңдауда ток шоудың маңызы зор, берері мол болды.
Шығармашылық күннің тағы бір ерекшелігі Сәкен Сейфуллин атындағы гимназияның 2000 жылғы түлектері бастамашылдық жасап, оқушылар үшін оқу залын жабдықтап, сыйға тартты. Оқу залының ашылу салтанатына қалалық білім бөлімінің басшысы Ақышбеков Берік Базылұлы және 2000 жылғы түлектерден Жезқазған аймақтық «Центркредит» банкінің басшысы Оразбаев Дәурен Жұматайұлы, Жезқазған қаласының №44 өрт сөндіру бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау майоры Құлатаев Асқар Серікбайұлы, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Энергетика басқармасының бас инженері Адырбеков Бауыржан Төлегенұлы және Жезқазған энергетика басқармасының бас инженері Жеңсікбаев Жәнібек Оразылұлы қатысып, оқу залын ашты. Түлектер атынан Дәурен Жұматайұлы сөз алып, оқушыларға кітап оқудың маңыздылығы жайында ізгі тілектерін жеткізді.
Шығармашылық күнде гимназия ұжымы алдына қойған білім беру мазмұнын жаңарту және «Рухани жаңғыру» бағдарламаларын жүзеге асырудағы гимназияның тәжірибесімен таныстырып, мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін жетілдірудегі мақсатына өз деңгейінде жетті.

Просмотров: 490 | Добавил: shkolagimnaziya | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]